Солтүстік Қазақстан облысы
Уәлиханов ауданы
Көбенсай орта мектебі
7-сынып оқушысы
Серікқызы Ділназ
Менің анам-ұстаз
Ана—бақыт деген кітаптың бірінші парағы...
Халық даналығы.
Ана- жер бетіндегі тіршіліктің негізі.
Әлемдегі жақсы мен жаман да, ғалым мен данышпан да, егінші мен малшы да, ғарышкер мен жазушы да анадан туып, алғаш рет ана әлдиін естиді. Әрбір адамзат баласы өмір есігін ашқан кезде ең бірінші ананың тілін, ананың үнін, ананың әнін естіп, өзіне өмірдің нұрын алады.
Ана–шыр етіп дүние есігін ашқанда тұңғыш рет аялап, бауырына басқан ардақты адам. Бар әлемдегі адам баласы «ана» деген атауға мәңгілік қарыздар.
Ал жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Менің өз шығармамды адамзат баласының өміріндегі ана мен ұстаздың алар орнына тебірене тоқтап бастауымның ерекше бір себебі бар. Оны мен мақтанышпен,ерекше бір сезіммен айта аламын. . Ол себеп: менің анам-ұстаз.
Менің анам,Дүйсенбаева Алтын Еслмбекқызы отыз жылдан астам өмірін білімді шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан,қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің білікті маманы,жоғарғы санатты мұғалім.Анамның өз шәкірттерін жанындай жақсы көретіні әр сөзінен аңғарылып тұрады. Шәкірттерінің алды немере сүйіп отырса да,олардың оқушы кезіндегі қылықтарын сағынышпен еске алып отырады. Бірінің өнерін,екіншісінің ұқыптылығын,еңбекқорлығын бізге үлгі етіп әңгімелеп отырудан еш жалыққан емес. Жылдағы еңбек демалысы аяқталар кезде,тамыз айында,анамның түсіне мектеп жиі кіре бастайды.Таңертең ұйқысынан оянғаннан кейін түсінде оқушыларына сабақ беріп жүргенін,демек мектепті сағына бастағанын айтып күліп отырады.Өзін басқа сала маманы ретінде елестете алмайтын анамның жасы елуден асса да осынау қиындығы мол ұстаздықтан еш қажымайтын қайратына сүйсіне де қызыға қараймын.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім", – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәніне деген сүйіспеншілігін шәкірттерінің бойына сіңіре білген анамның шәкірттері бұл күнде әр салада қызмет етіп,еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.Ол мейлі дәрігер,мейлі заңгер, мейлі дихан,мейлі кәсіпкер болсын,ең бастысы ол ана тілін сүйген,әдебиетін қастерлеген азамат болып шыққанына мен сенемін.
Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінде анам,Алтын Есләмбекқызы, бізге кітап оқуды үйретті, әдебиетке деген қызығушылығымызды оята білді. Ол әркез: «Жастайынан кітап көп оқыған адамның сана-сезімі терең, ойы ұшқыр, өресі кең, талғамы биік болып қалыптасады. Оқыған кітабындағы өзіне ұнаған кейіпкерлерге ұқсағысы келетін қасиет пайда болады. Әсіресе, классикалық шығармаларды оқыған адамның интеллектуалды деңгейі өте жоғары болады…» деп, мен сияқты көптеген шәкірттерін кітап оқуға икемдейді, кітап оқымасыңа қоймайды. Әрбір баланың жеке қасиетін дамытуға көп көңіл бөледі. Сабырлық, іскерлік танытып, шәкіртті сабақтан қорықпайтындай, өз бетінше қызығып оқитындай жағдай жасайды. Бұл да ұстаздың шеберлігі, ұлылығы емес пе?!. Анам бізге: «Ең алдымен сендер өздеріңе сеніңдер, сендердің қолдарыңнан көп нәрсе келеді…» деп жігеріңді жанып оқытатын ұстаз.Оның оқушылары аудандық пән олимпиадаларында,түрлі сайыстарда үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Бір ғана мысал:биылғы 2016-2017 оқу жылының жеті айының ішінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні бойынша 9-сынып оқушысы Шортаева Диана аудан бойынша бес рет жүлделі орындарға ие болды.
Отбасында да мен,қызы Ділназ,екі немересі Ерасыл мен Нұрислам әдебиетке өте жақынбыз. Кешкілік ақынжанды анам бізге ақын-жазушылардың балалық шағынан,өмірінен естеліктер айтып,Мағжан,Мұқағали,Қадыр, Тұманбай,Мұхтар аталарымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып береді. Содан болар былтырдан бері мен де аудандық мәнерлеп оқу сайыстарында,ғылыми зерттеу жұмыстарында жүлделі орындарға ие болып жүрмін.
«Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» деген ұлы педагог В.А.Сухомлинскийдің осы сөзі дәл менің анама арналғандай. Ұстаз бақыты – кез-келген адамның маңдайына қона беретін бақ емес. Осы бақ менің анама қонған десек артық айтқандық емес.
Дегенмен де бірінші кезекте ол менің анам! Мүмкін бұл сөздерді мен балалық қызғанышпен де айтып отырған шығармын.Мен анам жайлы айтсам, ол кісі өте мейірімді, ақкөңіл жан. Анам менің жаратушым, қашан ер жетіп өзіңмен өзің болып кеткенше жанымды сақтаушым. Мейлі, бір затты қате жасап, бүлдірсең де саған ұрысқанымен, сені жаман болсын демейді. Дұрыс жолға түссін, қатесін түзесін дейді. Қанша анаңды ренжітсең де, баласын кім жек көрсін, бар қылығыңды кешіреді – ау! Сен үшін жанын шүберекке түйеді. Сенің болашағыңнан үлкен үміт күтеді.
Анашым менің! Сәби кезімнен өз қолыңызбен төсегіме жатқыздыңыз, қараңғыдан қорқып жылаған кезімде қасымнан табылдыңыз. Мен үшін бәріне даярсыз анашым. Жығылсам тұрғызып, жыласам жұбатып, сабағымды оқуға көмектесіп, әр жылда туған күнімді атап өтіп, көңілімді табасыз. Сізге деген алғысым шексіз ғой менің.
Мен анамды қатты жақсы көремін. Сыйлаймын,амандығын тілеймін. Бірақ кейде оны ренжітіп алып жатамын.Мен өзім шыдамсыз,тез ашуланатын жанмын. Кейде анама бұлданып қарсы сөйлеп қалатыным бар. Біраз уақыттан соң,ашуым қайтқаннан кейін «бекер айттым-ау» деп өкініп қаламын. Анам кешірімшіл,ақылды,байсалды кісі. Ол менің мінезімді біледі. Кейде мен түсінсін дей ме,үндемей өкпелеп қалады. Артынша анама барып көңілін табуға тырысамын. Құшақтап,бетінен сүйіп,жылы сөздер айтамын.
Анамның кейде қатты ауырып қалатыны бар. Мұндай кезде шыбын жаным шырылдап Тәңірден амандығын тілеймін. Бұл өмірде достарым,туыстарым қаншалықты көп болғанымен,олардың жаны анамдай ашымайтындай болады.Анашым--отбасымның тірегі. Ол барлық мәселелердің шешімін тауып,реттейді,кеңес береді.
«Ана» деген сөз үш әріптен құралса да, мағынасы түпсіз тереңде жатыр. Дүниеде «ана» деген сөзге ештеңеде жетпейді ғой. Әлемнің қаншама сөзі үш әріпті «ана» деген сөздің орнын басып, алмастыра алмайды. «Ана» деген сөз құлаққа да, жаныңа да жағымды сөз ғой бұл. Бір керемет сиқырлы сөз деп те айтар едім. Рахмет, Анашым! Маған осы өмірді сыйлағаныңыз үшін, көп рахмет!
Посмотреть новость на сайте учреждения