«Өзін-өзі тану» пәні мемлекетіміздің ертеңгі азаматтары болатын жас жеткіншектерге рухани-адамгершілік тұрғыдан бағыт-бағдар беру міндетін жоғары деңгейде жүзеге асырып отырғандығын бүгінгі таңда толық дәлелдеп отыр. Бұл пән шәкірттерге сапалы білім беріп қана қоймай, үйлесімді дамыған тұлға болып қалыптасу үшін оларды сүйіспеншілік,бауырмалдық, төзімділік, ізеттілік сияқты игілікті қасиеттерге үйретеді. «Өзін-өзі тану» пәнінің ең басты ерекшелігі адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған адами асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру, ата- салт пен ұлттық дәстүрлеріміздің жиынтық тәрбиесін тамырына тағылым етіп дарыту. Сабақтарда оқушылар өздерін жеке тұлға ретінде сезінеді, өз елінің, халқының мәдениетін біледі. Аталған пән білім берудің құндылықтық мәнін күшейте отырып, адамдарды сүйе білу, өзіне-өзі сену, жақсылық жасау, мейірімділік таныту, өзгелерге қамқор болу, адамгершілік жасай білу, өзіне жауапкершілікпен қарау, өзін- өзі жетілдіру мүмкіндіктерін ашып,дамытады.
Екі мың он екінші жылы «Өзін-өзі тану» сабақтарын оқушыларға оқыта бастағанды армандайтынмын: «Шіркін, осы «Бөбек» орталығына барсам ғой!», - деп. Биыл осы арманым орындалып Алматы қаласына барып, «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық білім беру және сауықтыру орталығында «Адамның үйлесімді дамуы институтында» педагогикалық біліктілігімді арттырып келдім. Өзін-өзі тану пәнінің жаңа әдіс-тәсілдерін үйреніп, «Өзін-өзі тану» оқулықтарының авторлары: Ж.Ж. Әкімбаева, А.Қ.Рысбаева, Р.О. Ізғұттынова және жас маман А.Қ. Оралбекованың рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының тарихи және психологиялық-педагогикалық негіздерімен, казіргі білім кеңістігін ізгілендірудің жаңа бағыттары, өзін-өзі танудағы мұғалімнің рөлі туралы дәрістерді тыңдап, өзімді ерекше сезіндім. Меніңше, болашақ ұрпақтың адамгершілік санасының дұрыс қалыптасуына өзін-өзі тану пәнінің қосар үлесі зор. Ақыл-ойы мен рухани өрісі қатар дамыған, кемел мінезді, ойдың, сөздің және істің бірлігінде өмір сүретін, ар-ұжданды бәрінен биік қоятын, қоғамға адал қызмет ететін,отансүйгіш азаматты тәрбиелеу - мұғалімнің, әрбір отбасының және білім беру ұйымының алдында тұрған асыл борышы. Осы борышты жауапкершілігіме алатынымды ойласам, кеудемді ұстаздық мақтаныш сезімі кернейді. Бала бойына ізгілік нұрын құяр рухани ұстаз ғана «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, кемел адам тәрбиелеп шығарады. Демек мақсат айқын, еншімізде тек оған барар ізгі жол таңдау тұр.
«Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық білім беру және сауықтыру орталығын ашқан және өзін-өзі тану пәнін білім беру мекемелеріне енгізген Сара Алпысқызы Назарбаева ханымға зор алғысымды айтқым келеді. Педагогикалық қоржынымды рухани біліммен толықтыруыма үлес қосқан «Бөбек»ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының ұстаздарына шексіз ризашылығымды білдіремін.
СҚО,Уәлиханов ауданы
М.Жұмабаев атындағыОМ
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Исина Фарида Хатреновна
Посмотреть новость на сайте учреждения